Қазақстандық колледж студенті XIII Antalya Open Cup халықаралық турнирін жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM - Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің студенті Ришат Мансуров Түркияның Кемер қаласында өткен муайтайдан XIII Antalya Open Cup халықаралық турнирінде тамаша өнер көрсетіп, І орынды жеңіп алды.

Ришат Мансуров
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ришат Мансуров кәсіптік колледждің 2 курс студенті, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алуда. Ол муайтай спортымен 8 жасынан бері тұрақты түрде айналысып келеді.

-Бұл жарысқа әлемнің 25 елінен 500-ден астам спортшы қатысты. Аталған додада Қазақстан құрамасы да үздік нәтижелер көрсетіп, жалпы есепте 20 алтын, 11 күміс және 7 қола медаль иеленді,-делінген хабарламада.

Осыған дейін қазақстандық оқушының TabAI стартап жобасы Google грантын иеленгені туралы жаздық.