Қазақстандық құтқарушылар Қырғызстанда селден зардап шеккендерге көмек жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан ТЖМ құтқарушылары ҚР ҚМ әуе кемесімен Қырғыз Республикасының Ош қаласына азаматтарымызды эвакуациялау және қаза тапқандардың денелерін елімізге тасымалдау үшін ұшып келді. Бұл туралы Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

Қырғызстан
Фото: видеодан кадр

Ұшақ бортында ҚР ТЖМ РЖҚЖ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен психологтері бар. Сонымен қатар бортпен Қырғызстанның сел тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына жалпы салмағы 2,7 тонна азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді.

Кеше Жамбыл облысы ТЖД бастығы Арман Тоқанов іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Ош облысы Ноокат ауданының ТЖ аймағына жіберілді.

Бұған дейін ҚР ТЖМ ахуалдық орталығында жедел штаб құрылды, ондағы мамандар Қырғызстан ТЖМ және біздің елшілікпен тұрақты байланыста.

Өскеменде ШҚО ТЖД бастығы Рашид Биляловтың үйлестіруімен екі тәулік бойы жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Штаб базасында жергілікті атқарушы органдармен бірге қайтыс болған балалардың туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қырғызстанда алапат селден бес адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.

Артынша жойқын сел тасқынынан қазақстандық балалар көз жұмғаны белгілі болған еді.

Қырғызстандағы жойқын сел кезінде із-түссіз жоғалған тағы екі қазақстандық баланың денесі табылды.

Соңғы жаңалықтар