Қазақстандық құтқарушылар жасағы Ауғанстанға кетті

Қазақстан ТЖМ құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға жіберілді. Тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

ТЖМ
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігі іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 45 адамнан құрылған күштер мен құралдар тобын әзірлікке келтірді.

"Олардың арасында Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, кинологиялық есептобы, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері бар. Бұлар - құтқару операцияларында көпжылғы тәжірибесі бар білікті мамандар. Бірқатар құтқарушылар мен медицина қызметкерлері биылғы Түркиядағы жойқын жер сілкінісі салдарын жоюға қатысқан", - деп жазды ТЖМ-нан.

Топ қажетті жабдықтармен қамтылған.

Топты Қазақстан Республикасы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ұларбек Әбікеев басқарады.