Қазақстандық мүсінші Нидерландтағы ақалтеке жылқылары чемпионатында «Абсентті» ұлықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық мүсінші Нұрғалым Исабаев Нидерландта өткен ақалтеке жылқылары арасындағы тұңғыш әлем чемпионаты аясында ұйымдастырылған көркем туындылар көрмесіне қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуропалық Одақтағы меншікті тілшісі.
Іс-шараны Еуропалық ақалтеке жылқы шаруашылығы қауымдастығы мен Түрікменстанның «Türkmen atlary» бірлестігі ұйымдастырған.
Ақалтеке тұқымды жылқылар сайысына әлемнің 25 елінен өкілдер қатысты. Сонымен қатар чемпионат аясында осы тұқымға арналған өнер туындыларының арнайы көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде Қазақстанның атынан Алматыдан барған мүсінші Нұрғалым Исабаев өнер көрсетті. Оның айтуынша, ол ұйымдастырушылардың шақыруымен ақалтеке жылқысының мүсінін және атақты «Абсент» сәйгүлігіне арналған картинасын алып барған.
Айта кетейік, Абсент — 1952 жылы Қазақстанның Жамбыл облысындағы Луговой жылқы зауытында туған, қара түсті асыл тұқымды ақалтеке жылқысы. Ол Кеңес Одағының ең танымал спорттық жылқысы саналады. Салт атты Сергей Филатовтың тізгіндеуімен Абсент 1960 жылы Римде өткен Олимпиада ойындарында жеңіске жетіп, кеңестік ат спорты тарихындағы алғашқы алтын медальді иеленді.
Абсенттің соғылған мыстан жасалған мүсіні туған жерінде — Жамбыл облысындағы Луговой жылқы зауытының аумағында орнатылған. Оның авторы Нұрғалым Исабаев мүсінде Олимпиада чемпионының асқақ болмысын, сымбатын және өзгеше сыртқы келбетін егжей-тегжейлі бейнелеген.
Бұл жолы да Нұрғалым Исабаев Нидерландтағы көрмеге Абсентке арналған картинасын ұсынды.
— Абсент бейнеленген картинаға келсек, бұл жылқының арғы тегі – ақалтеке. Ол дон жылқысымен будандастыру арқылы дүниеге келген. Кеңес Одағы кезінде Абсент әлемнің үш дүркін чемпионы атанып, үлкен даңққа бөленді. Оның жасын адам жасына шаққанда, әлем чемпионы атанған кезде шамамен 60 жаста болған деуге болады. Кеңес Одағының атынан әлемге танылып, кейін туған жеріне — Луговой жылқы зауытына оралып, өмірінің соңына дейін сонда болды, — дейді мүсінші.
Оның сөзінше, бұл туынды бірнеше жыл бұрын жасалған. Мүсінші жылқы тақырыбы оның сүйікті әрі жоғары бағалайтын жанрларының бірі екенін айтты. Сондықтан ат спорты өнеріне арналған бұл мүсінді арнайы жасап, көрмеге алып барған.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, шығармашылық байқаудың мақсаты — «аспан аттары» атанған ақалтеке жылқыларының тарихи-мәдени мұрасын, ерекше сымбаты мен әсемдігін кеңінен насихаттау, сондай-ақ Еуразия елдері арасындағы гуманитарлық байланысты нығайту.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев асыл тұқымды ақалтекеден туған құлындарға Ақниет және Бөрте деген есім бергенін жазған едік.