Қазақстандық Neo Nomad визасын қанша шет мемлекет азаматтары алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан саяхат пен қашықтан еңбек етуді ұштастыратын адамдар үшін тартымды бағытқа айналып келеді. Өткен жылы іске қосылған Neo Nomad Visa аясында 14 шет мемлекеттің 27 азаматы елімізде бір жыл мерзімге тұруға мүмкіндік алды. Бұл туралы Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мәлім етті.

— Neo Nomad Visa алғандар қатарында АҚШ, Канада және Франция елдерінің азаматтары басым. Сонымен бірге виза Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Ирландия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Аустралия, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия, Латвия және Польша азаматтары да берілген, — деп жазды ұлттық компаниядан.
Neo Nomad Visa әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл виза арқылы шетел азаматтары өз елдеріндегі компанияларда қашықтан жұмысын жалғастырып, Қазақстанды бір жыл ішінде танып-біле алады.
Визаның бұл түрі бойынша Қазақстанда еңбек ету мүмкіндігі қарастырылмағанын атап өткен жөн.
Визаны алу үшін шетел азаматтары еліміздің шет мемлекеттердегі елшіліктері мен консулдық мекемелеріне жүгінуі тиіс.
Еске сала кетейік, бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов визаны көші-қон порталы арқылы электронды форматта рәсімдеу мүмкіндігін енгізуді ұсынғанын жазған болатынбыз.