Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада жеңіске жетті
АСТАНА.KAZINFORM – 22-23 тамыз күндері Грекияның Ежелгі Олимпия қаласында, Халықаралық Олимпиада академиясының (IOA) аумағында Экономика пәні бойынша халықаралық олимпиаданың – Economics Olympiad. 2025 финалы өтті.

Бұл білім додасында қазақстандық мектеп оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, зор табысқа қол жеткізді.
Аталған олимпиадаға әлемнің 28 елінен ұлттық іріктеулерден өткен 128 үздік оқушы қатысты. Финалға әр елден ұлттық турдың бес жеңімпазынан құралған командалар жиналды.
Қазақстан құрамасы айрықша жетістікке жетіп, төрт бірдей медаль жеңіп алды:
Батырхан Мұхтархан – алтын медаль және барлық қатысушылар арасындағы абсолюттік бірінші орын;
Елжан Заманбеков – күміс медаль;
Нұрнаным Мұхамеджан – күміс медаль;
Айым Жұбатқан – қола медаль.
Батырхан Мұхтархан АҚШ, Канада, Қытай, Нидерланды, Польша, Чехия, Грекия, Тайвань және өзге де елдердің өкілдерін басып озып, олимпиаданың абсолюттік жеңімпазы атанды.
Олимпиада бағдарламасы экономика және қаржы салаларындағы теориялық және практикалық тапсырмалардан тұрды. Қатысушылардан терең білім мен оны нақты жағдайда қолдана білу қабілеті талап етілді.

Сайыс Грекиядағы ерекше тарихи орын – Олимпия қаласында өтті. Олимпиада қатысушылары тек жарысқа қатысып қана қоймай, көне заман ескерткіштерін, соның ішінде ежелгі олимпиадалық стадионды тамашалады.
Қазақстан құрамасын жеңісімен Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Сұлтанғожин құттықтап, оқушылардың жоғары деңгейдегі дайындығын атап өтті. Сонымен қатар, ол бұл жетістік Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыра түсетінін айтты.

Еске салайық, Президент халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттағанын жазғанбыз.