Қазақстандық оқушылар информатикадан халықаралық беделді жарыста 3 медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 24-30 шілде аралығында Литва Республикасының Каунас қаласында информатикадан Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасы (European Junior Olympiad in Informatics, EJOI 2026) өтті.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, білім додасына 25 елден 100-ден астам оқушы қатысты. EJOI — 16 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына арналған информатика саласындағы ең беделді халықаралық олимпиадалардың бірі. Ол дарынды оқушылардың бағдарламалау, алгоритмдеу және компьютерлік ғылымдар бағытындағы қабілеттерін дамытуға арналған.
Олимпиада екі жарыс күнінен тұрды. Қатысушылар әртүрлі күрделілік деңгейіндегі алгоритмдік есептерді шешіп, білімдері мен практикалық дағдыларын сынға салды.
Қазақстан намысын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың информатика пәнінен жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен жасақталған ұлттық құрама қорғады.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс, бір қола медаль және бір мақтау грамотасын иеленді:
- Еламан Әлішер, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 8-сынып оқушысы — алтын медаль;
- Белгімбаев Әмір, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы — күміс медаль;
- Ермұханов Ислам, Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы — қола медаль;
- Жангелді Санжар, Қарағанды облыстық Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы — мақтау грамотасы.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан құрамасы EJOI олимпиадасында 1 күміс және 3 қола медаль иеленген болатын. Биыл ұлттық құраманың қоржыны алтын медальмен толықты.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық оқушылар математика олимпиадасында әлемнің үздік 25 құрамасының қатарына енгенін жазғанбыз.