Қазақстандық оқушылар PISA-2025 зерттеуінде қандай нәтиже көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық оқушылар PISA-2025 халықаралық зерттеуінде жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша орта есеппен 420, математикадан 414, оқу сауаттылығынан 385 балл жинады, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Қазақстанда зерттеу 2025 жылғы сәуір-мамыр айларында жүргізіліп, оған еліміздің барлық өңіріндегі 643 білім беру ұйымынан 15 жастағы 22 680 білім алушы қатысты.
Жалпы PISA-2025 зерттеуі 91 ел мен аумақты қамтыды. Оған 15 жастағы 760 мыңнан астам білім алушы қатысты.
Бұл циклдің басты ерекшеліктерінің бірі – «Цифрлық әлемде білім алу» жаңа инновациялық бағытының енгізілуі. Ол оқушылардың жаңа білімді өз бетінше меңгеру және цифрлық ортада түрлі міндеттерді шешу қабілетін бағалайды.
Зерттеу нәтижесі бойынша қазақстандық оқушылардың 80%-ы сабақ барысында жасанды интеллект көмегімен жасалған контентпен жұмыс істейді. ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш – 63%.
Сондай-ақ қазақстандық білім алушылардың 85%-ы цифрлық құрылғыларды пайдалануға қатысты пәндік ұсынымдар қолданылатын мектептерде оқиды. ЭЫДҰ бойынша бұл көрсеткіш 71%-ды құрады.
Балалардың қауіпсіздігі бойынша да бірқатар көрсеткіш тіркелді. Қазақстандық оқушылардың 77%-ы буллингке тап болмайтынын айтқан. ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш – 53%.
– Қазақстандағы білім алуға қолайлы тәртіптік ахуал индексі 0,80-ді құрады, бұл ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен – 0,14-тен едәуір жоғары. Сонымен қатар оқушылардың 71%-ы мектептің оларды болашақ өмірге қажетті деңгейде дайындайтынын атап өтті. ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 51%-ды құрайды, – делінген министрлік хабарламасында.
Педагогтердің қолдауы бойынша Қазақстанның индексі 0,65-ті құрады, ал ЭЫДҰ бойынша бұл көрсеткіш – 0,03. Оқушылардың өзара білім алуы бойынша Қазақстандағы көрсеткіш 87%-ға жетсе, ЭЫДҰ бойынша 51% болды.
Қазақстандық білім алушылардың 75%-ы өсуге бағытталған ойлау ұстанымын көрсеткен. Бұл ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен – 69%-дан жоғары. Когнитивтік бейімделу индексі де Қазақстанда 0,21-ді, ЭЫДҰ бойынша 0,01-ді құрады.
Зерттеу барысында оқушылардың экологиялық хабардарлығы да бағаланды. Қазақстанның экологиялық хабардарлық, позитивті экологиялық ұстанымдар және экологиялық білім алу мүмкіндіктері бойынша индекстері ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіштерінен жоғары болған.
PISA-2025 бағалауының негізгі бағыты жаратылыстану-ғылыми сауаттылық болды. Қазақстандық оқушылар бұл бағытта орта есеппен 420 балл жинады. Математика бойынша нәтиже – 414 балл, оқу сауаттылығы бойынша – 385 балл.
Жаратылыстану-ғылыми және оқу сауаттылығы бойынша нәтижелер PISA-2022 деңгейінде сақталған. Жаратылыстану бойынша көрсеткіш 2018 жылғы деңгейден жоғары, ал оқу сауаттылығы бойынша ұзақ мерзімді тұрақтылық сақталып отыр.
Сонымен бірге зерттеу Қазақстанның білім беру жүйесінде жұмысты күшейтуді қажет ететін бірқатар бағытты көрсетті. Олардың қатарында өңірлер мен мектептер арасындағы айырмашылықтарды қысқарту, білім алушылардың базалық білімі мен дағдыларын нығайту және оқыту сапасын арттыру бар.
PISA-2025 нәтижелеріне егжей-тегжейлі талдау жасалғаннан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» орталығы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, өңірлер бойынша білім беру жүйесінің көрсеткіштерін одан әрі жақсартуға арналған ұсынымдар әзірлейді.
Айта кетейік, Қазақстан таланттардың бәсекеге қабілеттілігі индексінде бірден 39 сатыға көтерілді.