Қазақстандық оқушылардан асқорыту, жүйке және көз аурулары жиі анықталады

оқушы
Фото: Білім басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқу жылын қорытындылап, мектеп оқушылары арасында қандай аурулар жиі кездесетінін айтып берді.

«Балалар арасында аурушаңдық құрылымы бойынша бірінші орында – асқорыту жүйесі аурулары (9,7%), екінші орында – жүйке жүйесі аурулары (9,1%) және үшінші орында көз аурулары (8,3%) тұр», - деді Денсаулық сақтау министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, Қазақстан халқының 19%-ын және еліміздегі барлық баланың 57%-дан астамын мектеп жасындағы балалар құрайды.

«Елімізде 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Әрбір мектеп сол аумаққа қызмет көрсететін емханаға бекітілген. Мектептердің 90% мейіргермен қамтылған. Жыл сайын емханалар 17 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруден өткізеді», - дейді А. Әлназарова.

Осылайша, 2023 жылдың қорытындысында мектеп жасындағы 5,5 млн бала профилактикалық тексеруден өтіп, 9,3%-ында түрлі аурушаңдық анықталған. Нәтижесінде 210 мың бала диспансерлік есепке алынған.

Соңғы жаңалықтар