Қазақстандық өнерпаздар Чолпон-Атадағы «Рух Санат» фестивалінде жүлделі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан әртістері «Рух Санат» бірінші дүниежүзілік дәстүрлі мәдениет және музыка фестивалінде ауызша кәсіби музыка өнері орындаушыларының халықаралық байқауында жеңіске жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

1-2 тамыз күндері Ыстықкөл жағалауында өткен байқауға Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Жапония, Үндістан, Мысыр, Оңтүстік Корея, Польша, Бангладеш, Гвинея, Эстония, Мажарстан және Непал елдерінен 8 жеке орындаушы мен 12 шығармашылық топ қатысты.
Жеке орындаушылар арасында 1-орын мен 200 мың сом (шамамен 1 млн 242 мың теңге) жүлдені қазақстандық Салтанат Қайратқызы мен Донгак Найдан (Ресей) жеңіп алды. Шығармашылық топтар арасында бірінші орынды «Tengri Saz» ансамблі (Қазақстан) мен «Хараача» (Ресей) ансамблі бөлісті. Жүлде 300 мың сомды (шамамен 1 млн 863 мың теңге) құрады.

Дәстүрлі мәдениет пен музыканы сақтауға қосқан үлесі үшін халықаралық қазылар алқасының арнайы дипломымен «Кәусар» тобы (Қазақстан), «Klara Dudas and Borbala Toreky» (Мажарстан) дуэті және «Super Trio» (Польша) ұжымы марапатталды.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, байқау тәжірибе алмасу мен кәсіби өсудің жанды алаңға, материалдық емес мәдени мұраны сақтауға ықпал ететін мәдени диалог алаңына айналды.

«Рух Санат» фестивалі екі жыл сайын өтетін тұрақты халықаралық шара болмақ. Келесі тақырып этникалық биге арналады.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық оқушылар информатикадан Халықаралық олимпиадада төрт медаль жеңіп алғанын жазған едік.