Қазақстандық пара таеквондошы Паралимпиадаға жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Милана Красавцева пара таеквондодан Париж-2024 Паралимпиада ойындарының лицензиясына ие болды.

Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығынан мәлім еткеніндей, Халықаралық паралимпиада комитетінің бипарт комиссиясының қорытындысы бойынша Милана пара таеквондодан К44 санатында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын болады.
Бұл – пара таеквондо бойынша төртінші жолдама. Бұдан бұрын К44 санатында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде пара таеквондошымыз Нұрлан Домбаев, +80 келіде Нышан Өмірәлі және -57 келіде Кәмиля Досмалова Паралимпиада ойындарының лицензиясын алған болатын.
Айта кетейік, Қазақстан осымен спорттың 9 түрі бойынша 33 лицензияға қол жеткізді: пара пауэрлифтинг (5), пара жеңіл атлетика (4), пара жүзу (4), волейболды отырып ойнау (1), пара үстел теннисі (1), пара таеквондо (4), пара каноэ (2), пара оқ ату (2) және пара дзюдо (10).