Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов LNGSHOT K-pop тобына клип түсірді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық клипмейкер Айсұлтан Сейітов әлемдік музыка индустриясының өкілдерімен жұмыс істейтін режиссерлер қатарына қосылды. Оның K-pop бағытындағы алғашқы жұмысы оңтүстіккореялық LNGSHOT тобына арналған клип болды.
Жаңа бейнебаян топтың 10 қарашада таныстырған S.W.I.S.H. мини-альбомына енген Bananas әніне түсірілген. Сейітов жобаның алғашқы кадрларын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, бұл оның K-pop бағытындағы дебюті екенін жеткізді. Сонымен бірге режиссер бірлескен жұмыс үшін топқа алғысын айтты.
— K-pop бағытындағы алғашқы жұмысым. LNGSHOT тобымен бірге осы жобаны жүзеге асыру мен үшін үлкен мәртебе, — деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.
LNGSHOT — 2026 жылғы қаңтарда дебют жасаған оңтүстіккореялық жас топ. Оның құрамында төрт өнерпаз бар: Ohyul, Ryul, Woojin және Louis.
Аз уақыт ішінде LNGSHOT көпшіліктің назарын аударды. Қазір топтың Instagram желісіндегі ресми парақшасына 4 миллионға жуық адам жазылған. Музыканттар шетелдік нарыққа да шығуды көздейді. Солтүстік Америкада танымал болу үшін олар Kakao Entertainment және Atlantic Music Group компанияларымен келісім жасасты.
Еске салайық, бұған дейін Айсұлтан Сейітовтің «ҚАШ» фильмі Asian Pacific Screen Awards сыйлығының «Үздік фильм» және «Үздік операторлық жұмыс» номинацияларына үміткер атанғанын хабарлаған едік.