Қазақстандық сериалдар мен фильмдердің стримингтік платформаларда көрсеткіші жоғары — медиафорум

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық сериалдар мен фильмдер ТМД, Еуропа және Азия елдеріне экспортталып жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті.

министр
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Қазақстандық сериалдар мен фильмдер телеарна мен стримингтік платформаларда жоғары көрсеткіштерге ие болып, ТМД, Еуропа және Азия елдеріне экспортталып жатыр. Осылайша Қазақстан «Креативті тауарлар мен қызметтер» бағыты бойынша «Жаһандық инновация индексі» рейтингінде 65-і орынға көтерілді, — деді Аида Балаева елордада өтіп жатқан ІІ Орталық Азия медиафорумында.

Осы орайда министр отандық бейхостинг жұмысын мысалға келтірді. 

— «Сәлем интертеймент» (Salem entertainment) эксклюзивті бейнеконтенттің отандық фабрикасы. Ол әлеуметтік желілерде және бейнехостингтерде контентті өндіру және тарату бойынша өңірдегі ең ірі медиакомпания, — дейді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Астанада ІІ Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Орталық Азия журналистер академиясы мен креативті хаб құруды ұсынды. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдеріне арналған ортақ сыйлық тағайындау бастамасын алға тартты. 

Сондай-ақ форум барысында Қазақстан мен Өзбекстан ақпарат саласында әріптестікті нығайтуға келісті

Одан бөлек, елімізде Әзербайжанның «CBC TV» телеарнасын тіркеу мүмкіндігі қарастырып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар