Қазақстандық шабандоздар халықаралық додаларда топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның кәсіби ат спорты бойынша «Prestige Horse Club» клубының мүшелері Раиса және Олег Соколенко Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасында өткен халықаралық турнирлерде ел намысын лайықты қорғап, үздік нәтижелерге қол жеткізді.

2025 жылғы 2–6 шілде аралығында Минск қаласында өткен Достастық кубогы аясында Раиса Соколенко Қазақстан–Өзбекстан біріккен құрамасы сапында 145 см биіктіктегі командалық маршрутта топ жарып, 1-орын алды. Ол «Уран» атты атымен екі кезеңді де айып ұпайынсыз аяқтап, жоғары шеберлік пен сенімді өнер көрсетті.

Одан кейін, 17–27 шілде аралығында Мәскеу облысында ұйымдастырылған Еуразиялық ойындарда Раиса Соколенко 25 жасқа дейінгі спортшылар арасында жеке есепте чемпион атанды. Бұл жеңіс спортшының тұрақты дайындық деңгейін және жарыс жағдайындағы сенімділігін айқындай түсті.

Жазғы маусым барысында Олег Соколенко да бірқатар жарыстарда үздік нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда:
-
130 см биіктіктегі маршрут – 1-орын (CluGold),
-
125 см – 3-орын (Selly Blue),
-
135 см – 5-орын (Selly Blue),
-
Maxima Park турнирінде 120, 125 және 135 см биіктіктегі бірнеше маршрутта жүлделі орындарға ие болды (CluGold, Cinderella және Selly Blue атты аттармен).

Бұл жетістіктер «Prestige Horse Club» клубында жүйелі және кәсіби дайындық жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Клуб өкілдері халықаралық аренада Қазақстанның беделін көтеріп, ат спортының дамуына үлес қосып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздегі ат спортына мемлекеттен қолдау жетіспей тұрғанын жазғанбыз.