Қазақстандық спортшы арбадағы теннистен халықаралық турнирдің финалисі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Грекияның Месин қаласында арбадағы теннистен ITF Wheelchair Tennis Tour турнирі мәресіне жетті.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, ақтөбелік Жанна Үмітқұлова өз спорттық жолында жұптық сында алғаш рет осындай деңгейдегі жарыстың финалына дейін жетті.
Қазақстандық спортшы латвиялық, әлемнің 66-ракеткасы Диана Никифоровамен бірге чемпиондық атақ үшін соңғы бәсекеде ғана болгариялық Зоя Чавдарова — румыниялық Кристина Деакқа жол берді — 2:6, 3:6.
Биылғы наурызда Паттайяда (Таиланд) арбадағы теннистен BNP PARIBAS WORLD TEAM CUP командалық әлем чемпионатының Азия аймағы бойынша іріктеу кезеңі өткен болатын. Іріктеу сайысына алғаш рет Қазақстан ерлер және әйелдер құрамалары қатысып, бақ сынады.
Қазақстан теннис федерациясы 2022 жылдан бері елімізде арбадағы теннисті дамытуға күш салып келеді. Қысқа мерзімде Қазақстан құрамасы жасақталып, олар ел намысын қорғауда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жылдың қорытынды турнирінде әлемнің 1-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина алдағы жылы «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алудан үмітті.