Қазақстандық спортшы таеквондодан әлем чемпионатында тарихи жүлде жеңіп алды

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстандық таеквондошы Нодира Ахмедова Қытайдың Уси қаласында өтіп жатқан таеквондодан әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алды.

Нодира Ахмедова
Фото: Қазақстан таеквондо (WT) федерациясы

49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз жарысты жартылай финалдан аяқтап, үздік үштіктен көрінді. Жартылай финалда ол қытайлық Тайпей спортшысы Ю Юн Люге есе жіберді.

Нодира Ахмедова
Фото: Қазақстан таеквондо (WT) федерациясы

Нодира Ахмедова әлем чемпионатында барлығы 4 кездесу өткізіп, Бразилия, Канада және Таиланд спортшыларынан басым түсті.

Айта кетерлігі, бұл – Нодира Ахмедованың кәсіби спорттағы ең үлкен жетістігі және Қазақстан әйелдер таеквондосына әлем чемпионатынан 18 жылдан кейін оралған тарихи медаль. Әйелдер құрамасы осыған дейін соңғы рет 2007 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.

таеквондо
Фото: Қазақстан таеквондо (WT) федерациясы

Таеквондодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов қазақстандықтарды және еліміздің таеквондо құрамасын таихи жеңісімен құттықтады.

– Бүгін Нодира араға алты жыл салып әлем чемпионатында қола жүлде еншіледі. Бұл – өте қуанышты және тарихи жеңіс,- деді Сұлтанов.

Сонымен қатар Сұлтанов ел құрамасының әлем чемпионатындағы алғашқы екі күнін қорытындылады.

- Самирхон Абабакиров, Бейбарыс Қаблан және Мария Севостьянова шаршы алаңға шығып, өте керемет өнер көрсетті. Бейбарыс Қаблан әлем чемпионын қапы қалдырды. Самирхон соңына дейін айқасып, өкінішке қарай ширек финалға өте алмай қалды. Оның қарсыласы өте азулы, әлем және Олимпиада ойындарының жүлдегері. Самирхон болашағы бар спортшы, алда тағы біраз жұмыс атқаруы керек, - деді ол.

Сөз соңында бас бапкер алда әлі бес жарыс күні бар екенін еске салып, жақсы нәтиже күтетінін жеткізді.

Осыған дейін Есбол Сұлтанов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында еліміздегі таеквондо спортының дамуы жайында сөз қозғап, елімізге тарихи медаль сыйлауды басты мақсат етіп отырғанын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар