Қазақстандық спортшылар Дүниежүзілік ойындарға қатысады
АСТАНА. KAZINFORM - Дүбірлі дода Қытайдың Чэнду қаласында 8-17 тамыз аралығында өтеді.

Отандастарымыз аталған жарысқа 1993 жылдан бері қатысып келеді. Қазірге дейін олар 6 алтын, 4 күміс, 7 қола жүлде алды. Қазақстандық спортшылар 2022 жылы АҚШ-тың Алабама штатының Бирмингем қаласында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен әзірге жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Биыл жарыс 34 спорт түрінен өтіп, 253 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы додаға 17 тамызға дейін 114 елден 4000 спортшы қатыспақ.
Қазақстан сапынан биыл 8 спорт түрінен рекордтық 31 спортшы сынға түседі. Олар WKF каратэ, муайтай, джиу-джитсу, самбо (спорттық және жауынгерлік), құзға өрмелеу, садақ ату, спорттық акробатика және ушу спортынан жүлделерді сарапқа салады.
Дүниежүзілік ойындарында спортшылар Олимпиадаға кірмейтін сайыс түрлерінен сынға түседі. Ол Олимпиададан кейін бір жылдан кейін өткізіледі.
Еске салсақ, бұдан бұрын жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Дінмұхаммед Қасымбек (80 келі) қола жүлдегер атанды.