Қазақстандық спортшылар XII Дүниежүзілік ойындарда өнер көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM - 2025 жылғы 7-17 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында XII Дүниежүзілік ойындар өтеді. Бұл байрақы бәсекеде қазақстандық спортшылар өнер көрсетеді.

ХІІ Дүниежүзілік ойындар
Фото: theworldgames2025.com

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Спорттық дамыту дирекциясы» РМКҚ директорының орынбасары Есет Қалидоллаұлы айтып берді.

«Спорттық дамыту дирекциясы» РМКҚ директорының орынбасары Есет Қалидоллаұлы
Фото: Есет Қалидоллаұлының жеке мұрағатынан

- Бұл әлемдік дода соңғы рет АҚШ-та өткен болатын. Дүниежүзілік ойындары Олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерін басым бағыт етіп өткізеді. Қазақ елі бұл сайысқа дәстүрлі түрде қатысып, табысты өнер көрсетіп келеді. Биылғы додаға біздің елден 30 дан астам спортшы барады деп жоспарлап отырмыз. Бұл спортшылар бұған дейінгі спорттық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп, лицензия ұтып алғандар. Қазақстан ұлттық құрама командалары джиу-джитсу, каратэ, муайтай, самбо, спорттық акробатика, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату және ушу секілді спорт түрлері бойынша медальдар үшін бәсекеге түседі, - дейді Есет Қалидоллаұлы.

Дүниежүзілік ойындар — Халықаралық Дүниежүзілік ойындар қауымдастығы (IWGA) ұйымдастыратын, Олимпиада бағдарламасына енбейтін спорт түрлерінен өтетін халықаралық көпсалалы жарыс. Бұл ойындар әр 4 жыл сайын өткізіледі.

Биыл бұл байрақты бәсекеге әлемнің әр елінен 5000 ге жуық спортшы және 75 ке жуық команда қатысады деп жоспарланған.

Аталған жарыста спортшылар 34 спорт түрі бойынша 253-тен астам медаль үшін жарысады.

ХІІ Дүниежүзілік ойындар осы жылдың тамыз айында Қытайдың Чэнду қаласында өтеді.

Соңғы жаңалықтар