Қазақстандық спортшылар XII Дүниежүзілік ойындарын тарихи нәтижемен аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM – Чэнду қаласында (Қытай) 7-17 тамыз аралығында өткен XII Дүниежүзілік ойындарда Қазақстан құрамасы өз тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Спортты дамыту дирекциясының мәлімдеуінше, төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын Дүниежүзілік ойындарда елімізден 31 спортшы 8 спорт түрінен бақ сынады.
Әлемдік додада отандастарымыз 10 медаль (2 алтын, 5 күміс, 3 қола) еншілеп, жүлде саны мен сапасы жағынан рекорд орнатты.

Алтын медаль иегерлері:
• Жәнібек Әбу-Бәкір – джиу-джитсу
• Ұлбосын Әділова – самбо

Күміс жүлдегерлер:
• Мөлдір Жаңбырбай – WKF каратэ
• Нұрсұлтан Дүйсенқұлов – джиу-джитсу
• Маратбек Рахметоллин – самбо
• Самбодан ерлер құрамасы – Төлеухан Ниетхан, Бақытжан Дүйсембеков, Маратбек Рахметоллин, Тәңірберген Тергеубеков
• Самбодан әйелдер құрамасы – Аружан Кенесары, Ұлбосын Әділова, Құралай Қабрайқызы, Маржан Бизақ, Айнұр Ақжігітова

Қола медаль иегерлері:
• Аслан Қанатбек – джиу-джитсу
• Сейілхан Болатбек – джиу-джитсу
• Ришат Хайбуллин – спорттық құзға өрмелеу

Ерекше оқиғалар:
• Жауынгерлік самбо 1993 жылдан кейін алғаш рет ойындар бағдарламасына енгізіліп, қазақстандықтар бір алтын, үш күміс жеңіп алды.
• Джиу-джитсу бойынша Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке жетті: бұрын бар болғаны екі қола медалі болса, биыл бір алтын, бір күміс, екі қола еншіледі.
• Спорттық құзға өрмелеу бойынша ел тарихындағы алғашқы қола медальді Ришат Хайбуллин жеңіп алды.
• Бұл ойындарда бірнеше спортшы алғаш рет халықаралық деңгейде жүлдегер атанды.
Қазақстан құрамасының Дүниежүзілік ойындардағы бұған дейінгі көрсеткіштері:
1. 1993 жылы Нидерланд елінде 1 алтын, 1 күміс, 1 қола алды.
2. 1997 жылы Финляндияда 1 алтын, 1 қолаға қол жеткізді.
3. 2001 жылы Жапонияда 1 алтын еншіледі.
4. 2005 жылы Германияда 1 күміс, 1 қола алды.
5. 2009 жылы Тайвань елінде 1 алтын, 1 қолаға қанағат білдірді.
6. 2013 жылы Колумбияда жүлде ала алмады.
7. 2017 жылы Польшада 1 алтын, 2 қола алды.
8. 2022 жылы – Америка Құрама Штаттарында 1 алтын, 2 күміс, 1 қоламен жарысты аяқтады.

Айта кетейік, XII Дүниежүзілік ойындарға әлемнің 114 елінен 3 962 спортшы қатысып, 34 спорт түрі бойынша 256 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Дүниежүзілік ойындар — Халықаралық Дүниежүзілік ойындар қауымдастығы (IWGA) ұйымдастыратын, Олимпиада бағдарламасына енбейтін спорт түрлерінен өтетін халықаралық көпсалалы жарыс. Бұл ойындар әр 4 жыл сайын өткізіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлбосын Әділова XII Дүниежүзілік ойындарында топ жарғанын жазған едік.