Қазақстандық студент ІІІ Түркі универсиадасында алғашқы алтынды жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Данияр Құлушев 60 кг дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алып, турнирдің алғашқы чемпионы атанды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.

Қазақстандық студент ІІІ Түркі универсиадасында алғашқы алтынды жеңіп алды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

— Біз студентіміздің жеңісімен мақтанамыз. Данияр ерік-жігерін, жоғары кәсіби шеберлігін көрсетіп, қазақстандық жастардың халықаралық аренада табысты бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Бұл медаль — спортшының, жаттықтырушылардың және университеттің жүйелі еңбегінің нәтижесі, - деп жазды ведомстводан.

Данияр Құлушевтің жеңісі Қазақстанның медаль қорын ашып қана қоймай, елдің халықаралық деңгейдегі студенттік спорттағы беделін нығайтты.

Айта кету керек, ІІІ Түркі универсиадасы аясындағы дзюдо жарыстары алдағы күндері де жалғасады. Қазақстандық спортшылар жүлде қорын толықтыруға барлық мүмкіндікке ие. 

Еске сала кетейік, III Түркі универсиадасына Қазақстан атынан 66 студент-спортшы қатысып жатыр.

Соңғы жаңалықтар