Қазақстандық суретші Дженнифер Лопеске ерекше кілем-картина сыйлады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Суретші Әсел Бекжан Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Джей Лоға ерекше арт-нысанды қалай жасап, сыйға тартқанын айтып берді.

Оның сөзінше, әлемдік поп-жұлдызбен көзбе-көз жолығу мүмкін болмаған. Себебі ол әрдайым назарда болып, жанында қатаң күзет жүрген. Ал картинаны табыстауға Алматы қаласының әкімдігі көмектескен.
Арт-нысанға айналған идея
Әдетте 2 айдай уақыт кететін мұндай картина 1 апта жасалған. Композиция үшін суретші Дженнифер Лопестің ең сәтті суретін таңдап, оған Алматының сұлбасын қосқан және түсі мен өрнегі үйлесетін кілем тапқан. Полотноның көлемі — 150×100 см болды.

— Мен қалың түкті маталарға арналған арнайы бояу қолданамын, тіпті кілемде қалай сурет салу керектігі жөнінде өзімнің авторлық әдісімді жасап үлгердім. Бұл — граффити, классикалық техника және гиперреализмнің қоспасы. Ең қиыны — кілемге сурет салатын орын табу болды. Бояулардың иісі ащы, үйде жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан суретті үйімнің алдында, картинаны қоршауға сүйеп қойып, көшеде салдым. Мольберт орнына төрт үлкен картон парағын пайдаландым, ал картинаны кеңсе қысқыштарымен бекіттім, — деді суретші.
Жұлдызбен кездесу қалай өтті
Әсел Бекжан картинаны әншінің тобына тапсырған. Ал Алматыда өткен концерттен кейін ол Дженнифер Лопеспен фотосессияда жүздесуге мүмкіндік алды.
— Мен тізімде болмадым, сондықтан полиция бізді стадионнан төрт рет шығарып жіберді. Бірақ біз үмітімізді үзбей, қайта-қайта барып тұрдық. Ақырында жолымыз болды — тізімнің соңындағы адамдар келмей қалып, біз ішке кірдік. Бізден телефондарымызды тапсыруды сұрады. Дженнифер бізбен амандасып, қол алысып, бірге суретке түсті. Мен оған портретін кілемге салып бергенімді айттым. Бірақ картинаны оның тобына табыс еткенімізді түсіндіруге уақыт жетпеді, — деді ол.
Әнші сыйлықты әлі көрмесе де, Әселдің Instagram желісіндегі бейнежазбасын байқап, оны өз парақшасында Stories-ке бөліскен.

Еске салайық, былтыр суретші Әсел Бекжан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің алдында сурет салды. Бұл оқиға туралы да ол Kazinform агенттігіне әңгімелеп берді.