Қазақстандық татами шеберлері Ташкенттегі Grand Slam турнирінің алғашқы күнін жүлдесіз аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан астанасы Ташкентте дзюдодан әлемдік Grand Slam турнирі басталды. Аталған додаға Қазақстан спортшылары да қатысып жатыр.

Әлемнің 23 елінің дзюдошылары бақ сынап жатқан доданың алғашқы күні татамиге шыққан барлық балуандарымыз қарсыластарынан ұтылып қалды.
Нақтырақ айтсақ, алғашқы жарыс күні 7 бірдей дзюдошымыз сынға түсті. Өкінішке қарай барлығы бірінші белдесуінен ары аса алған жоқ.
Ерлер арасында 60 келіде ел намысын қорғаған Нұрәділ Әлжан Өзбекстан дзюдошысы Камолиддин Бахтиёровке шидомен есе жіберді.
Ал 66 келіде сынға түскен отандасымыз Ержан Еренғайыпов Біріккен Араб Әмірліктерінің балуанына жол берді.
66 келіде белдесіп жүрген балуанымыз Ердәулет Босша тағы бір өзбек балуаны Абдукарим Нитфуллаевтан айласын асыра алмады.
Ал әйелдер арасында Ғалия Тыныбаева тәжікстандық балуан Ахилия Муминовадан жеңіліс тапса, тағы бір қызымыз Диана Бүркеева ресейлік Сабина Глязоваға жол берді.
52 келіде ел намысын қорғаған Құндыз Жылқыбай испаниялық қарсыласы Лапуерто Гоместен жеңіліс тапты. Сонымен қатар, 57 келі салмақта Бақыт Құсақбаева ресейлік Ирина Зуевадан айласын асыра алған жоқ.
Айта кетейік, осыған дейін Таразда дзюдодан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жеткен болатын.