Қазақстандық теннисші қатарынан үш турнирде жеңімпаз атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 579-ракеткасы Дмитрий Попко Телави (Грузия) ITF M15 турнирінде үздік шықты.

Қазақстандық теннисші қатарынан үш турнирде жеңімпаз атанды
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы алдымен нидерландылық Дини Вассерманды жолдан тайдырды — 6:3, 6:2.

Содан кейін ресейлік Вардан Манукянды 6:2, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Д.Попко ширек финалда әлемнің 572-ракеткасы, аргентиналық Игнасио Монсонды тартысты бәсекеде 6:4, 4:6, 6:3 есебімен қапы қалдырды.

Жартылай финалда Дмитрий Попко рейтингіде 1 112-орындағы италиялық Франческо Ферраридан айласын асырды — 6:4, 6:3.

Қазақстандық теннисші финалда рейтингіде 888-сатыдағы италиялық Микеле Мекареллиді бет қаратпай ұтты — 6:0, 6:1.

Осылайша, Д. Попко қатарынан үш жарыста топ жарды. Бұған дейін ол Армениядағы осындай екі ITF M15 додасында жеңіс тұғырына көтерілген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Лэйвер кубогына қатысу қызықты тәжірибе екендігі туралы айтқанын жазған едік.