Қазақстандық теннисшілер Франциядағы жарыстың ширек финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Александр Бублик пен Александр Шевченко жұптық сында Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің ширек финалына өтті.

Бұл — Александр Шевченконың Қазақстан атынан алғаш рет өнер көрсетуі еді.
Қос Александр алғашқы айналымда америкалықтар Эван Кинг — Риз Сталдерге қарсы келді.
Бірінші партия 6:4 есебімен қазақстандықтардың пайдасына шешілді. Олар екінші сетте де 3:1 есебімен алға кетті.
Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді — 6:3.
Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде қазақстандық дуэт 5 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Америкалық жұп 2 эйс, 1 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алған жоқ.
Бублик — Шевченконың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
А.Бублик жекелей сында аталмыш жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген. Шевченко мен Бублик алдағы бәсекесін сәтті өткізсе, Монпелье додасының ширек финалында өзара кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның матчы үздіктер қатарына енгенін жазған едік.
Сондай-ақ жас теннисші Әмір Омарханов әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.