Қазақстандық теннисшілер ITF турнирлерінде чемпиондық атақ үшін таласады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар Сандуғаш Кенжебаева мен Аружан Сағындықова жұптық сында Түркия мен Тунисте өтіп жатқан ITF W15 турнирлерінің финалына шықты.
Анталиядағы жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген 19 жастағы С.Кенжебаева мен түркиялық Илай Йорук үш кездесуді сәтті өткізді.
Қазақстандық-түркиялық жұп алдымен румыниялық Елена Бертеа – словакиялық Лаура Силекованы 1:6, 6:4, 10:7 есебімен тізе бүктірді.
Ширек финалда қазақстандық Асылжан Арыстанбекова – ресейлік Дарья Шадчневадан айласын асырды — 6:3, 6:4.
Жартылай финалда С.Кенжебаева – И.Йорук тартысты матчта қазақстандықтар Іңкәр Дүйсебай – Анастасия Крымкованы жеңді – 3:6, 6:3, 10:6.
Қазақстандық-түркиялық дуэт сенбі күні финалда доданың 1-ракеткалары, германиялық Мина Ходжич – швейцариялық Мари Меттраукспен бас жүлдені сарапқа салады.
Жиырма жастағы А.Сағындықова Монастирдегі (Тунис) осындай турнирде ресейлік Мария Головинамен бірге финалға дейін жетті.
Қазақстандық-ресейлік тандем фаворит болып саналмаса да, табысты өнер көрсете білді. Олар әуелі ресейлік Устинья Ликомцева – молдовалық Ева Заболотнаяны жолдан тайдырды – 5:7, 6:4, 10:2.
Содан кейін франциялықтар Лайа Петретич – Нина Радованович қапы қалдырды – 6:2, 6:4.
Ал жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, нидерландылық Мадельеф Хагеман – румыниялық Андрея Пришакариудан басым түсті – 6:0, 7:6 (7:4).
Аружан Сағындықова – Мария Головина соңғы бәсекеде словениялық Зива Фолкнер – сербиялық Елена Миловановичпен сынға түседі. Бұл матч та 11 қаңтарға белгіленген.
Дүниежүзілік рейтингіде 973-орында тұрған Аружан жекелей сында ширек финалға дейін жетіп, онда әлемнің 535-ракеткасы, германиялық Лара Шмидтке жол берді – 4:6, 5:7.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Аделаидада жарыстың 1-ракеткасымен ойнағанын жазған болатынбыз.