Юлия Путинцева Аделаидада жарыстың 1-ракеткасымен ойнады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 25-ракеткасы Юлия Путинцева Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің финалына шыға алмады.

Юлия Путинцева
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 7-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен бетпе-бет келді.

Осыған дейін өзара екі кездесуде америкалық спортшы басым түскен еді.

Бұл жолы бастапқыда Пегула 2:0 есебімен алға кеткенімен, Путинцева таразы басын теңестірді. Алайда тай-брейкте америкалық теннисші күш алып кетті – 7:6 (7:4).

Екінші сетте есеп 3:2 болған мезетте Джессика брейк жасай алды. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін пайдаланды – 6:3.

Бір сағат 29 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 1 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) көзге түсті. Пегула 4 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды.

Д.Пегула финалда тағы бір америкалық, әлемнің 20-ракеткасы Мэдисон Кизбен бас жүлдені сарапқа салады.

Ю.Путинцева қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 23-орынға шықса, Д.Пегула Елена Рыбакинаны ығыстырып, 6-сатыға көтеріліп тұр.

Енді қазақстандық теннисші 12 қаңтарда басталатын Аустралия ашық чемпионатында сәтті өнер көрсетсе, әлемдік рейтингіде одан да жоғарылайтын болады. Юлия алғашқы айналымда әлемнің 44-ракеткасы, армениялық Элина Аванесянмен кортқа шығады. Бұл ойын 13 қаңтарға белгіленген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Аделаида жарысының жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Зарина Дияс жұптық сында Таиландтағы турнирдің жартылай финалына шықты.

З.Дияс ресейлік Мария Ткачевамен бірге жартылай финалда тартысты бәсекеде үндістандық Рутуя Бхосале - Гонконг өкілі Юдис Чонгке жол берді – 4:6, 7:5, 5:10.

Соңғы жаңалықтар