Қазақстандық теннисшілер Түркиядағы турнирді сәтті өткізіп жатыр
Қазақстандық теннисшілер Дмитрий Попко мен Асылжан Арыстанбекова Анталиядағы (Түркия) ITF турнирін сәтті өткізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Дүниежүзілік рейтингіде 504-орында тұрған Д.Попко ширек финалда әлемнің 327-інші, жарыстың 1-ракеткасы, румыниялық Филип Кристиан Жиянумен кездесті. Қазақстандық спортшы қарсыласын 6:4, 7:5 есебімен тізе бүктірді.
Дмитрий Попко финалға шығу үшін әлемнің 404-ракеткасы, ұлыбританиялық Джей Кларкпен таласады.
17 жастағы Асылжан Арыстанбекова әйелдер арасында дәл осындай додада екінші айналымда италиялық Франческа Пейсті 7:5, 7:5 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Асылжан әлемнің 700-ракеткасы, сербиялық Яна Бойовичпен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жасар қазақстандық теннисшінің Түркиядағы турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.