Қазақстандық теннисшілердің Дубай ATP 500 турниріндегі қарсыластары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисшілер Александр Бублик пен Александр Шевченконың Дубай ATP 500 турнирінде кімдермен ойнайтыны белгілі болды.
Әлемнің 10, жарыстың 2-ракеткасы А. Бублик бастапқы кездесуінде іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, рейтингіде 77-орындағы германиялық Ян-Леннард Штруфпен шеберлік байқасады.
Қазақстандық теннисші германиялық спортшыны өткен айда Роттердам (Нидерланд) ATP 500 жарысының екінші айналымында 7:6 (7:2), 4:6, 6:3 есебімен жеңген еді.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 79-сатыда тұрған А.Шевченко іріктеу сайысының финалында әлемнің 72-ракеткасы, франциялық Кентен Галиға 6:7 (6:8), 5:7 есебімен жеңіліп қалған болатын. Соған қарамастан, ұйымдастырушылар А.Шевченконы арнайы шақыртумен негізгі додаға қосты.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 17-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановқа тап келді.
Дубай додасы 28 ақпанда аяқталып, жеңімпаз анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Дубайдағы турнирдің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ Әмір Омарханов Тунистегі турнирде топ жарды.