Қазақстандық төреші 2026 жылғы Азия ойындарына ресми шақырту алды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысының ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының өкілі Индира Бектенова 2026 жылы Жапонияда өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына ресми түрде шақырту алды.
ҚР ҰОК мәліметінше, аталған құрлықтық додада ол байдарка мен каноеде есу спортынан халықаралық техникалық төреші (ITO) ретінде қызмет атқарады.
Индира Бектенова осы спорт түрінде Қазақстаннан шыққан алғашқы халықаралық санаттағы әйел төреші ретінде тарихта қалды.
– Мен үшін Қазақстан атынан ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, әйелдер арасында халықаралық санатқа ие болған алғашқы қазақ төреші атану - үлкен мәртебе. Бұл - көпжылдық еңбектің, халықаралық тәжірибенің және әлемдік спорт ұйымдарының сенімінің нәтижесі. Алдағы уақытта да кәсіби төрешілікті дамытуға және Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы орнын нығайтуға үлес қосамын, - деді Индира Бектенова.
Сондай-ақ ол Венгрияның Сегед қаласында өтетін байдарка мен каноеде есуден әлем кубогі кезеңінде Халықаралық байдарка мен каноеде есу федерациясы (ICF) төрешілер алқасының құрамында Finish Line Judge ретінде жұмыс істейді.
Айта кетейік, ХХ жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында өтеді. Жарыс бағдарламасына 41 спорт түрі (68 дисциплина) енген. Барлығы 460 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Айта кетейік, қазақстандық екі маман халықаралық теннис төрешісі мәртебесін алды.