Қазақстандық төрешілер күрес түрлерінен әлем чемпионатында қызмет атқарады
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық төрешілер 2025 жылғы күрес түрлері бойынша әлем чемпионатында қызмет атқарады.

Біріккен күрес әлемі (UWW) 2025 жылы Хорватияның Загреб қаласында өтетін әлем чемпионатына төрешілерді тағайындады. Дүбірлі дода 13-21 қыркүйек аралығында өтеді.
Ұйым жариялаған тізімге еліміздің атынан екі төреші енді. Алдағы әлем біріншілігінде белдесулерді Игорь Лигай мен Ерік Жұмабеков жүргізеді.
Айта кетейік, өткен жылы қазақстандық мамандар Парижде өткен Олимпиада ойындарына төреші ретінде шақырылған еді.
Ал 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Грекияның Афины қаласында 8 шілде - 3 тамыз аралығында болса, 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы дүбірлі доданы Болгарияның София қаласы қабылдайды.
Ал жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі 20-26 қазанда Сербияның Нови-Сад қаласында жалауын көтереді.