2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Қазақстандық төрешілер УЕФА халықаралық матчтарына төрелік етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық футбол мамандары мен төрешілеріне УЕФА тарапынан халықаралық матчтарда қызмет атқару сеніп тапсырылды. Олар түрлі деңгейдегі бірқатар кездесуде өз міндеттерін атқарады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қазақстандық төрешілер УЕФА халықаралық матчтарына төрелік етеді
Фото: ҚФФ

Қыркүйек айының соңы отандық төрешілер мен инспекторлар үшін қарбаласқа толы болмақ. Олардың өкілдері Ұлттар лигасынан бастап, әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасына дейінгі түрлі деңгейдегі матчтарда қызмет атқарады.

Олжас Абраев — УЕФА Ұлттар лигасы матчындағы делегат

Қазақстандық футбол функционері Олжас Абраев УЕФА Ұлттар лигасының C лигасындағы топтық кезең матчының ресми делегаты болып тағайындалды.

Ол 2026 жылғы 25 қыркүйекте Ереванда Вазген Саргсян атындағы Республикалық стадионда өтетін Армения мен Латвия құрамаларының кездесуінде жұмыс істейді.

Делегат матчтың ұйымдастырылуын, УЕФА регламентінің сақталуын және белгіленген рәсімдердің орындалуын қадағалайды.

Қазақстандық төрешілер «Минск» — «Фенербахче» матчына төрелік етеді

Қазақстандық төрешілер бригадасы УЕФА-ның әйелдер арасындағы клубтық жарысының екінші іріктеу кезеңінде Беларусьтің «Минск» пен Түркияның «Фенербахче» командалары арасындағы матчқа төрелік етеді.

Кездесу 26 қыркүйекте Мажарстанның Мошонмадьяровар қаласындағы «Қалалық» стадионда өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 19:00–де басталады.

Кездесуде Татьяна Сорокопудова бас төреші қызметін атқарады. Оның ассистенттері Наргис Магау мен Динара Идрисова тағайындалды. Қосалқы төреші міндеті Латвия өкілі Елена Ермолаеваға жүктеледі. Ақпаратты Қазақстан футбол федерациясы растады.

Данияр Сахи «Мальта» — «Лихтенштейн» матчын басқарады

Қазақстандық төрешілер бригадасы Мальта мен Лихтенштейн ұлттық құрамалары арасындағы ресми халықаралық жолдастық матчты өткізу үшін Мальтаға аттанды.

Матч 27 қыркүйекте Та-Кали қаласындағы Ұлттық стадионда өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 21:30–да басталады.

Матчқа Данияр Сахи бас төрешілік етеді. Оған Самат Тергеусизов пен Сергей Калачев төреші көмекшілері ретінде қатысады. Қосалқы төреші қызметін Мальта өкілі Алекс Джонсон атқарады.

Бұған дейін қазақстандық қыз-келіншектердің 2027 жылғы фристайлдан әлем чемпионатында төрешілік ететіні хабарланған болатын.