Қазақстандық туроператорлар Әзербайжанның емдік-сауықтыру туризмімен танысты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан, Ресей, Беларусь және Өзбекстанның туристік компанияларының 30-дан астам өкілі Әзербайжанға ұйымдастырылған таныстыру турына қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі Әзербайжан туризм бюросына сілтеме жасап.
Бұл сапар Әзербайжанның медициналық және сауықтыру қызметтерін шетелде кеңінен танытуға, сондай-ақ шетелдік туроператорлармен іскерлік байланыс орнатуға бағытталған.
Бағдарламада өңірлердегі сауықтыру туризмінің мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар Баку, Ленкорань, Нафталан, Шеки және Габала қалаларын аралап, қонақүйлердің, курорттық кешендердің, SPA орталықтары мен сауықтыру мекемелерінің инфрақұрылымымен танысты.
Бұдан бөлек Нафталан қаласына да арнайы сапар ұйымдастырылды. Қала емдік қасиеті бар мұнайды сауықтыру рәсімдерінде пайдалануымен ерекшеленеді. Ал Бакуде туристік компаниялардың өкілдері Каспий теңізінің жағалауындағы курорттық кешенді аралап, жағажай демалысының мүмкіндіктері мен қонақүй инфрақұрылымын көрді.
Сондай-ақ делегация Бакуде өткен сауықтыру туризмі жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты. Жиын аясында Әзербайжанның туристік сала өкілдерімен B2B кездесулері ұйымдастырылып, тараптар ынтымақтастықты нығайту, туристік өнімдерді шетелде таныту және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін талқылады.
Қазақстандық туристер санының артуы Әзербайжанның еліміздің нарығына деген қызығушылығын күшейтіп отыр. Мемлекеттік туризм агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың сегіз айында Әзербайжанға 72 733-тен астам қазақстандық сапарлаған. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайыз көп.
Бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен туроператорды іске қосқаны хабарланған болатын.