Қазақстандық үш боксшы Азия чемпионаты финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Шри-Ланка астанасы Коломбо қаласында өтіп жатқан 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатында қыздардан үш боксшы финалға шықты.

Ел құрамасынан Томирис Мырзақұл (52 келі) Шри-Ланка спортшысы Ясин Фернандоны 5:0 есебімен орта жолда қалдырып, финалға шықты. Оның финалдағы қарсыласы енді анықталады.
Былтыр аталған Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған Элина Базарова жартылай финалда Лин әл-Шаихты (Сауд Арабиясы) айқын басымдықпен тізе бүктірді. Ол 2-раундта қарсыласын 3 мәрте нокдаунға жіберді. Шешуші жекпе-жектегі оның қарсыласы Шри-Ланка немесе Вьетнам өкілі болады.
Былтыр Азия чемпионы атанған Гүлнар Тұрапбай (50 келі) биыл сол жетістігін қайталауға жақын тұр. Ол жартылай финалда Моңғолиядан келген Уранцог Анцецегті 5:0 есебімен тізе бүктірді. Енді ол Вьетнам немесе Шри-Ланка боксшысының бірімен кездеседі.
Еске салсақ, құрлықтық дода 24 мамыр күні мәресіне жетеді.