Қазақстандық үш боксшы Странджа турнирі финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан халықаралық Странджа турнирінің бесінші жарыс күні, 28 ақпанда ел құрамасынан 3 боксшы финалға шықты. 

Қазақстандық үш боксшы Странджа турнирі финалына шықты
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Отандасымыз Лаура Есенкелді (65 келі) 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері ирландиялық Грейн Уолшпен кездесті. Қос боксшы көп күш жұмсамай, қарымта шабуылға иек артты.

Нәтижесінде Лаура соққы алмасуда дәлдік танытып, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Ел құрамасынан Валерия Аксенова (80 келіден жоғары) жартылай финалда жарыс қожайыны, болгариялық Алейна Мехмедпен жолықты. Жекпе-жек көпке созылған жоқ. Алғашқы раундта отандасымыз ауыр соққысымен қарсыласын есеңгіретіп жіберді. Нәтижесінде төреші айқасты мерзімінен бұрын тоқтатты.

Жастар арасында әлем чемпионы, 54 келідегі Элина Базарова жартылай финалда тағы бір отандасымыз Әнел Сақышпен кездескен еді. Өте шиеленісті және жақын өткен айқаста Элина Базарова 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Ал ұлттық құраманың тәжірибелі боксшысы, әлем чемпионы Валентина Хальзова (75 келі) ½ финалда 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, аустралиялық Эмма-Сью Гринтриге 1:4 есебімен жеңілсе, Дина Исламбекова (80 келі) өзбекстандық Олтиной Сотимбоеваға 2:3 есебімен есе жіберді.

Енді ел құрамасынан Даниал Сәбит (50 келі) өзбекстандық Асилбек Жалилов, Фарух Тоқтасынов (70 келі) өзбекстандық Шавкатжон Болтаевпен қолғап түйістіреді.

Соңғы жаңалықтар