Қазақстандық үшінші боксшы IBA аясындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Ерасыл Жақпеков (80 келі) 5 желтоқсанда алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.
Қазақстандық былғары қолғап шебері Буркино-Фасо өкілі Зуграна Эбенезермен шаршы алаңға шықты. Жекпе-жек барысында ол сенімді ойын көрсетті. Ол қарсыласын үш мәрте нокдаунға жіберді. Үшінші раундта жекпе-жек ерте аяқталды. Ерасыл жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Айта кетсек, бүгін ел құрамасынан Санатәлі Төлтаев (67 келі) замбиялық Жералд Кабинданы қапы қалдырып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Дәулет Төлемісов (86 кел) бразилиялық Сюза Рамон Ботагелломен шаршы алаңға шығады.
Ал 4 желтоқсанда лғашқы жекпе-жегінде отандасымыз Нурмагамед Юсупов (92 келі) тәжікстандық Навруз Джафоевті бірінші раундта нокаутқа жіберіп, жарыстың келесі сатысына шықты.
Сондай-ақ алдағы күндерде ел құрамасынан Теміртас Жүсіпов (48 келі), Даниял Сәбит (51 келі), Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар – 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер – 150 мың доллар, қола жүлдегерлер – 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.