Қазақстандық жас теннисшілер Астанадағы ірі турнирдің чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласында жасөспірімдер арасында ITF Juniors J300 турнирі мәресіне жетті.

Қазақстандық жас теннисшілер Астанадағы ірі турнирдің чемпионы атанды
Фото: ҚТФ

Ел тарихындағы ірі жарыс болып есептелетін додада қазақстандықтар Сәтима Төреген мен Альбина Кәкенова жұптық сында үздік шықты.

Қазақстандық дуэт финалда турнирдің 2-ракеткалары, чехиялықтар Тереза Херманова — Глория Левинскиді қапы қалдырды — 6:2, 6:3.

Бұл — Альбина мен Сәтиманың спорттық жолындағы елеулі табыс. Қазіргі кезде Team Kazakhstan академиясында жаттығып жүрген қыздар халықаралық жарыстарға осында дайындалады.

— Бұл бізге ерекше көңіл-күй сыйлады. Біз деңгейі жоғары додада жеңіс тұғырынан көрінгіміз келді. Өз елімізде жанкүйерлердің қолдауымен осындай табысқа жеткенімізге қуаныштымыз, — деді Сәтима Төреген.

Альбина Кәкенова, әсіресе, финалда үздік өнер көрсеткендеріне бақытты екендіктерін жеткізіп, Team Kazakhstan академиясының бапкерлеріне алғысын айтты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның алғаш рет WTA турнирінде жеңімпаз атанғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар