Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетті.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Каирда бірінші санаттағы J500 ITF Juniors жарысында Асылжан Арыстанбекова мен Соня Жиенбаева жұптық сында үздік шықты.
Қазақстандықтар финалда доданың 2-ракеткалары, сербиялық Теодора Костович – чехиялық Люси Урбанованы қапы қалдырды – 6:1, 7:5.
14 жасқа дейінгілер арасында да қазақстандықтар ерекше көзге түсті. Родион Трайгель Түркияда Tennis Europe Soul Cup турнирінің абсолютті чемпионы атанды. Ол жекелей сында соңғы бәсекеде грузиялық Зука Кашешвилиді ойсырата ұтты – 6:0, 6:1. Ал Аңсар Ниетқалиевпен бірге жұптық сында болгариялықтар Горгиев – Тзонковтан айласын асырды – 6:3, 7:5.
Темірлан Жантеміров Польшада ТЕ Kozerki Cup by HEAD додасында жекелей сында тек финалда ғана фин Адам Напариге жол берді – 3:6, 1:6. Есесіне Темірлан жұптық сында чемпион болды.
Әмір Омарханов пен Даниал Рахматуллаев Оңтүстік Америкадағы сапарын жалғастыруда. Қазақстандық теннисшілер ITF GSPDF Team құрамында турға шақырту алған болатын. Бұған дейін мұндай додаға Диас Досқараев, Ирина Силютина, Сандуғаш Кенжебаева қатысқан еді. Өткен аптада Асунсьонда J300 турнирінде Әмір жартылай, Даниал ширек финалға дейін жетті. Осы аптада Ә.Омарханов пен Д.Рахматуллаев Порту-Алегриде (Бразилия) дәл осындай жарыста бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың АҚШ-тағы тағы бір турнирдің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде төртінші орнын сақтап қалды.