Қазақстандық жеңіл атлет Нора Джеруто Олимпиадаға іріктеуден өтті

 Нора Джеруто
Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан атынан әлемдік додаларда бақ сынап жүрген Нора Джеруто жеңіл атлетикадан Олимпиада нормативін орындады. Бұл мүмкіндікке ол АҚШ-та өткен  USATF Los Angeles Grand Prix турнирінде ие болды. 

Ол аталған турнирде 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден бақ сынап, нәтижесінде 9:22.45 уақыт көрсеткішімен қола жүлдеге қол жеткізді. Нора мәре сызығын Канада және АҚШ спортшыларынан кейін үшінші болып кесті. 

Олимпиада нормативін орындаған Джеруто іріктеуден өткен екінші қазақстандық жеңіл атлет атанып отыр. Бұған дейін марафоншы Жанна Мамажанова Олимпиада нормативін орындаған еді.

Айта кетсек, қазір ел құрамасы қоржынында Париж Олимпиадасына берілген 51 жолдама бар. 

Дүбірлі дода 26 шілде-11 тамызы аралығында өтеді. Оған әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы келеді деп күтілуде. Айтулы аламанда спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Соңғы жаңалықтар