Қазақстандықтар бес айда 800 млн теңгеден астам қаржысын қайтарып алды
АСТАНА. KAZINFORM — Азаматтар тіпті 700 теңге тұратын сапасыз ойыншыққа қатысты да өтемақы талап етіп, өз құқықтарын қорғады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның аумақтық департаменттері азаматтарға тауарлар, қызметтер мен жылжымайтын мүлік сатып алу барысында жол берілген бұщушылықтар бойынша құқықтық көмек көрсетіп, ауқымды жұмыс жүргізді.
— Осы аралықта тұтынушылардың шағымдары бойынша жалпы сомасы 881,3 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Шағымдар көбінесе сапасыз тауарлар (автокөліктер, косметика, ұялы телефондар), орындалмаған қызметтер (шипажай жолдамалары, қоғамдық тамақтану, фитнес, туризм), сондай-ақ рәсімделмеген немесе уақтылы берілмеген жылжымайтын мүлікке қатысты болды, — делінген Сауда және интеграция министрлігі хабарламасында.
Тұтынушы құқығы бұзылған деректерге тоқталсақ:
Алматы қаласында тұтынушы 215 млн теңгеге сатып алған, бірақ үшінші тұлғаға сатылып кеткен жылжымайтын мүлік объектісіне қатысты дау департаменттің араласуынан кейін оң шешімін тапты.
Ал Қарағанды облысында 45 күннен аса уақыт берілмеген пәтер бойынша шарт талаптарының орындалуы қамтамасыз етіліп, тұтынушы 33,5 млн теңге тұратын жылжымайтын мүлікке қол жеткізді.
Семей қаласында қоғамдық тамақтану орнында тұтынушының тапсырысы орындалмай, мекеме тұтынушылар бұрышын орналастыру міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ақтөбе облысында тұтынушының туроператорларға қатысты шағымы бойынша сотқа дейінгі және сот процесінде департамент мамандары қолдау көрсетіп, нәтижесінде 6,6 млн теңге өтемақы өндіріліп берілді.
Павлодар мен Жетісу облыстарында ондаған тұтынушының құқықтары топтық негізде қорғалды: косметика жиынтығы үшін рәсімделген 10,8 млн теңге несие мен жеткізілмеген смартфондар үшін 7,2 млн теңге қайтарылды.
Түркістан облысында Дубай қаласына орындалмаған тур үшін 1,2 млн теңге қайтарылып, Шымкентте санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін жерде көрсетілген фитнес қызметтері үшін тұтынушыларға өтемақы берілді.
Айта кетелік үш жылда 1 триллион теңгеден астам қаржы қайтарылды.