Қазақстандықтар етке қанша ақша жұмсайды
АСТАНА. KAZINFORM - Бір тоқсанда ет және ет өнімдерін тұтыну орташа есеппен бір адамға 21 келіге жетті, деп жазады Finprom.kz.

Биылғы жылдың үшінші тоқсанында қазақстандықтардың азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсаған шығыны орта есеппен жан басына шаққанда 135,2 мың теңгені құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (126,6 мың теңге) 6,7%-ға артық.
Әсіресе Алматы тұрғындары азық-түлікке көп ақша жұмсады: үшінші тоқсанда жан басына шаққанда 186,7 мың теңге – бір жыл бұрынғыдан 6,1%-ға, ал республикалық көрсеткіштен 38,1%-ға артық. Астана екінші орында (160,4 мың теңге), үшінші орында Шығыс Қазақстан облысы (150,6 мың теңге) болды.
Азық-түлік пен сусындарға ең аз шығын Қызылорда облысында белгілен: жан басына шаққанда 104,6 мың теңге – өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға көп, бірақ республикалық көрсеткіштен 22,6%-ға аз. Сектор бойынша шығыны ең аз үш аймаққа Түркістан облысы мен Шымкент қаласы да кірді.
Нақты азық-түлік тауарларына келетін болсақ, қазақстандықтардың барлық шығындарының үштен бір бөлігі (32,9%) ет және ет өнімдеріне тиесілі: тоқсанына бір адамға 44,4 мың теңге. Бір жыл бұрын бұл сома 42,3 мың теңге болатын.
Басқа азық-түліктерден:
нан және жарма өнімдері – 20,5 мың теңге;
сүт өнімдері – 14,6 мың теңге;
жемістер – 12,5 мың теңге;
қант, кондитерлік және тәттілер – 9,7 мың теңге.
Қазақстандықтар орташа есеппен жан басына шаққанда көкөніске 9,5 мың теңге, май мен тоң майға 7 мың теңге, балық пен теңіз өнімдеріне 5,7 мың теңге, жұмыртқаға 2,9 мың теңге жұмсаған. Алкогольсіз сусындар бойынша шығындар 6,1 мың теңгені құрады.
Бұған дейін желтоқсан айында ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне миллионға жуық адам барғанын хабарлаған болатынбыз.
Осыған дейін 10 жылда алғаш рет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуі баяулағаны туралы жаздық.