Қазақстандықтар етті фермерлерден тікелей онлайн сатып ала алады

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі ел тұрғындарын фермерлерден делдалсыз тікелей ет сатып алу мүмкіндігін жасап отыр. Жоба жыл соңында қосылады. 

мясо
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Әңгіме 2023 жылы таныстырылған ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған цифрлық құрал «Tört Tülik» мобильді қосымшасының дамуына қатысты болып отыр.

Бүгін Үкімет отырысынан кейін өткен брифингіде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров платформа жұмысында техникалық ақау мен мәселенің барын айтты.

— Жаңа қосымшаны үйренуге уақыт қажет екенін білеміз. Сондықтан бұл жүйе жұмыс істейтін болады, бірқатар өзгеріс енгіздік. Қазір жүйе біршама қалыпты жұмыс істеп тұр, — деді министр.

Министрдің орынбасары Аманғали Бердалиннің айтуынша, «Tört Tülik» қосымшасы үнемі жетілдіріліп жатыр. Жүйе фермерлерге малды тіркеуден бастап, сою алдындағы ветеринарлық тексеруге және анықтама алуға дейінгі барлық қызметті онлайн алу үшін жасалған.

— Қазір кейбір кемшілік бар, біз олармен жұмыс істеп жатырмыз, жүйені үнемі жетілдіреміз. Бұл жүйе — ветеринарияның болашағы, жақын арада қалағанымыздай жұмыс істейтін болады, — деп толықтырды Аманғали Бердалин.

Тағы бір Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың айтуынша, «Tört Tülik» қосымшасы кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Алғашында қосымша шаруа иелеріне қолжетімді болмақ. Ал екінші кезең, яғни жыл соңына дейін платформа барлық қазақстандық қолдана алады.

— Қазір мобильді қосымша жеке тұлғалар үшін шектеулі. Етті сатып алу екінші кезеңге жоспарланған. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз, жыл соңына дейін екінші кезеңді толықтай жүзеге асырып, іске қосуды жоспарлап отырмыз, — деді Бағлан Бекбауов.

Айта кетсек, елімізде ветеринариялық құжаты жоқ мал өнімін сатқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Соңғы жаңалықтар