Қазақстандықтар IMEI-кодты тіркеу үшін 6 айда 11,86 млрд теңге төлеген

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде шамамен 265 мың құрылғы IMEI-кодын тіркемегені үшін бұғатталған. Ал 25 мамырдан бері 3 миллионнан астам телефон верификациядан өтіп үлгеріпті.

Қазақстанда телефондардың IMEI кодын тексеретін жаңа оператор пайда болды
Фото: Pixabay.com

Биыл наурыз айында смартфондарды тіркеу ережесі өзгерген еді.

Мамандар абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу тәртібі өзгергеннен кейін заңды түрде телефон сатып алушылар саны 40%-ға дейін артқанын айтады.

Шетелден сатып алған 1 құрылғыны тіркеу құны – 1 АЕК. Яғни, биыл 1 IMEI-кодты 3932 теңгеге тіркей аласыз. Ол үшін imei.rfs.gov.kz сайты жұмыс істейді. Егер телефонды шетелден сатып алып, өзіңізбен бірге алып келсеңіз, сайттан арнайы анықтама жүктеуіңіз керек. Ал жеткізу қызметі арқылы алдырсаңыз, сәлемдеменің нөмірін тіркеуге тиіссіз. Былай қараса, оп-оңай жұмыс секілді. Алайда, кей азаматтар сайтқа қатысты мәселелерді айтып, шағымданып жатыр.

Нұршат Тұрсынова
Фото: видеодан алынған скрин

– Мен 4 жыл Қатар елінде тұрып, шілдеде елге келдім. Кейін IMEI-кодты тіркеу керектігі туралы хабарлама алдым. Мен мұндай заң енгізілгені туралы білмеген екенмін. Өздерінің берген ресми сайттарына кірсем, істемейді. Қажетті құжаттарын, қорабын, чегін — бәрін көрсетіп тұрмын. Солай бірнеше рет қайталадым. Соның өзінде тіркеу жасалынбайды. ХҚКО-ға бардым, жасалған жоқ. Байланыс операторларының кеңсесіне бардым, олар да жасай алмайтындарын айтты. 5–6 рет маған «қабылданбады» деген хабарлама келеді, – дейді жезқазғандық блогер Нұршат Тұрсынова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Басқа шарасы қалмаған соң Нұршат мамандардың көмегіне жүгінген. Солай смартфонындағы IMEI-кодты өзге бір сервис арқылы 25 мың теңгеге тіркепті.

– Өздеріңіз білесіздер, соңғы модельдегі телефон, бағасы да арзан емес. Смартфоным жарамсыз болып қалмас үшін телефон жөндейтін мамандарға бардым. Олар бізде «өзге» сервистер бар, солар арқылы жасай аламыз деді. Басқа амалым болмаған соң сол сервис арқылы жасадым. Сол үшін 25 мың теңге төледім. Тіркеу 2–3 аптадай уақыт алды. Бірақ сервистер бір уақыттарда жабық болады екен. Олар маған: «Әзірге сервис жабық, ашылған кезде бағасын айтамыз», – деді. Олар да нақты бағасын білмейді екен. «Үстінен қоссақ, тек 5 мың теңге ғана қосамыз» деп айтты. Ал негізінен ол сервистерге тіркеу құны 20 мың теңгеге жуық. Бірақ ол ресми сервис емес. Ал оны қарапайым халық білмейді. Қарапайым халық IMEI-кодты ресми сайттардан тіркей алмағандықтан, жаңағыдай сервистер арқылы жасайды. Солай бәрі бір «левый» ақша жасалып жатыр, – дейді ол.

Елімізде IMEI-кодты тіркеумен әзірге бір ғана компания айналысады. Ал ондағы мамандар негізгі мәселе азаматтардың дұрыс ақпарат ұсынбауында деп түсіндірді.

– Сайт қалыпты жұмыс істеп тұр, тексерулер де дұрыс өтеді. Тек мәліметтерді дұрыс енгізу керек. Егер ақпаратта қате болса, өтініш автоматты түрде қабылданбайды. Ал егер толығырақ түсіндірме керек болса, қолдау қызметіне хабарласуға болады — олар сіздің өтінішіңіз жөнінде барлық ақпаратты көрсетіп береді, – ATS Mediafon KZ ЖШС компаниясының директоры Шерім Мәди Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Жауапты компания 25 мамырдан бастап, бүгінге дейін 3 014 198 құрылғыны тіркепті. Мамандар күніне 20 мыңға жуық өтініш түсетінін айтады. Ал бұғатталған құрылғылардың саны 265 мыңға жуықтайды.

– Қазіргі таңда «Қара тізімде» – 264 335 IMEI-код бар. Мұндай IMEI-кодтарды бұғаттан шығару үшін белгіленген рәсімге сәйкес растайтын құжаттарды ұсына отырып, верификациядан өту қажет. Бұл тетік нарықтағы бәсекелестік жағдайларын теңестіруге және жеткізу тізбектерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде смартфондардың ресми («ақ») импортының үлесі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бренд өкілдерінің мәліметтері бойынша, заңды сегмент көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 20–40%-ға артқан. Реформаға дейін мобильді құрылғылардың «сұр» импортының үлесі шамамен 75%-ды құраған. Верификация жүйесін іске қосу нәтижесінде бұл көрсеткіш едәуір төмендеді, – ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.

Айта кетейік, жақында бұл нарыққа тағы бір ойыншы қосылмақ. Бірер күн бұрын ғана «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» РМК IMEI-кодтарын тексеру қызметін жүргізуге өтініш берді.

 

Соңғы жаңалықтар