Қазақстандықтар Канвон Олимпиадасында керлингтен алғашқы жарысын өткізді
КАНВОН. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында кешкі сессияда еліміздің керлинг шеберлері алғашқы ойынын өткізді.

Аталған додада Қазақстан намысын қорғаған Мерей Тастемір мен Ибрагим Тастемір жұбы Аустрия құрамасындағы Эмма Мюллер мен Луис Хайнхичке 4-5 есебімен жеңіліп қалды.
Енді ертең, 28 қаңтарда Мерей мен Ибрагим Германиядан келген құрдастарымен күш сынасады.
Ойын Астана уақытымен сағат 11:00–де басталады.

Осылайша бүгін Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында өтіп жатқан қысқы спорт түрлерінен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының 8-жарыс күні аяқталды.
Айта кетейік, осыған дейін фристайл-могул бәсекесінде қос атлетіміз үздік ондыққа кірген болатын.
Естеріңізге сала кетсек, Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрінен 10 дисциплина бойынша 41 спортшы қорғап жатыр.

Биатлон, керлинг, конькимен сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынауда.
Канвонда қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы 19 қаңтар күні тұтанған болатын.
Жарыс 1 ақпанда мәресіне жетеді.

Аталған жарысқа әлемнің 80-ге жуық елінен 1 800-дей спортшы қатысып жатыр.
7 спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынуда.