Қазақстандықтар қауіп-қатерге қарамастан Таяу Шығысқа сапардан бас тартуға асығар емес

АСТАНА. KAZINFORM - Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуына қарамастан, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр және Иордания сияқты елдерге баратын турлардан қазақстандық туристердің бас тарту жағдайлары байқалмайды.

Туризм, отдых, самолет
Фото: freepik.com

Бұл туралы «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей мәлімдеді.

- Әзірге жағдай өзгеріссіз. Туристер ағыны алдағы уақыты азаюы мүмкін. Себебі адамдар Таяу Шығыстағы жағдайға бәрібір алаңдаулы, — деді Инна Рей.

Ол Қазақстаннан аталған өңір елдеріне жасалатын турларды жаппай қайтару туралы хабарламалар әзірге түспегенін атап өтті.

-Туристер сапарлардың мерзімі мен баратын бағытына қатысты мәселелерді агенттермен өзара шешіп жатқан болуы мүмкін. Себебі бұл мәселе бойынша әзірге шағым түскен жоқ,- деді маман.

Турлардың бағасына келсек, олар өзгерген жоқ.

БАӘ мен Мысыр бағыттарына сапар құны сол күйі қалған. Алайда жеке саяхатшылар үшін әуе билеттерінің бағасы өскен. Бұл негізінен бағыттардың ұзарып, жолға кететін уақыттың артуына байланысты болып отыр.

Жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі азаматтарға Иран, Ирак, Сирия және Парсы шығанағындағы қауіп деңгейі жоғары өзге де бірқатар елге барудан бас тартуға кеңес берді. Алайда Мысыр мен БАӘ бұл тізімде жоқ.

— Туристік агенттіктер мен туроператорлар бағыттарды өздері реттейді, бұл ретте олар Сыртқы істер министрлігінің ұсынымдарын негізге алады, — деп нақтылады қор төрағасы.

Инна Рейдің айтуынша, геосаяси тұрақсыздық жағдайындағы туристерді сақтандыру мәселелері — сақтандыру компанияларының өз қалауы бойынша шешілетін шаруа.

2025 жылдың жазғы және күзгі маусымына қатысты болжам жасау әзірге ерте.

— Жағдай үнемі өзгеріп отырады, сондықтан Таяу Шығыс бағыттарына деген сұранысқа нақты баға беру әзірге мүмкін емес, — деп түйіндеді Инна Рей.

Осыған дейін Туризм министрлігінің қазақстандық саяхатшыларға ескерту жасағаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар