Қазақстандықтар қытай көліктеріне шағымданып жатыр — министрлік не дейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Қытайдан әкелінетін автокөліктер климатқа бейімделмеген деп шағымданып жатыр.

Қытай көліктері
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековке келесі сауалды қойды: «Қазақстандықтар қытай автокөліктеріне шағымдана бастады. Айтуынша, қытайлық автокөліктер біздің климатқа бейімделмеген. Бұл пікірмен келісесіз бе? Болашақта қазақстандық өндірушілер қытайлық автокөліктерді немесе олардың қосалқы бөлшектерін құрастыруы мүмкін бе?»

— Алдымен нақты қандай автокөліктер туралы айтылғанын анықтау керек, яғни белгісіз жолмен әкелінген көліктер ме, әлде Қазақстанда ресми түрде сатып алынған ба? Биыл екі зауытты іске қосу жоспарда бар, атап айтқанда, Changan, Haval және Chery маркаларын шығарады. Зауыт жақын арада іске қосылады, жобаның қуаттылығы жылына 100 мыңнан астам автокөлік. Ол жерде қытай брендтерінің көліктері өндіріледі және олардың құрамдас бөліктерін жергіліктендіру де көзделген. Әрбір өндіруші белгілі бір міндеттемені өз мойнына алды (технологиялық операциялар, процестер, қосалқы бөлшектерді жергіліктендіру бойынша). Өткен жылы кейбір компоненттер бойынша жергіліктендіру басталды, алдағы уақытта пластикалық бөлшектерді, орындықтарды, мультимедиялық жүйелерді өндіру жоспарланып отыр, — деп жауап берді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.

Сондай-ақ министр орынбасарынан қытайлық көліктер Қазақстанның климатына бейімділігіне қатысты жеке ойын сұрады. 

— Егер автокөліктерді делдалдар әкелген болса, онда ол Қазақстан заңнамасы аясында қаралуы тиіс. Бізде техникалық регламент талаптары бар және автокөліктер соларға сәйкес келуі керек. Ол көліктер қалай әкелінді, қажетті құжаттарды қалай алды, ол жағын мен айта алмаймын. Ал Қазақстанда өндірілетін көліктер бойынша талаптар бар және олар сәйкес келеді, — дейді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда автокөлікті мемлекеттік нөмірімен бірге сату мүмкіндігі берілмек. 

Соңғы жаңалықтар