Қазақстандықтар Лондон марафонында жүгірді
ЛОНДОН. KAZINFORM - Ұлыбритания астанасында Лондон марафоны өтіп, 160-қа жуық мемлекеттен мыңдаған адам қатысты. Желаяқтардың арасында бір топ қазақстандық та бар. Мәре сызығына алғашқылардың бірі болып жеткен отандастарымызбен Тұманды Альбиондағы Kazinform тілшісі Ғалымжан Қараманұлы сұхбаттасты.

Желаяқтар кәсіби, әуесқой және мүмкіндігі шектеулі спортшылар ретінде бірнеше топқа бөлініп жарысты. Олар бірнеше сағаттың ішінде Лондонның көрнекі орындарының жанынан жүгіріп өтті. Кәсіби желаяқтардың арасынан ерлерден алғашқы болып, кениялық Александр Мутисо Муньо келді. Әйелдерден оның жерлесі, қазіргі олимпиада чемпионы Перес Джепчирчир топ жарып, рекорд орнатты.
Әуесқой спортшылардың арасында 30-ға жуық отандасымыз да болды. Араларында әлемдегі 6 ірі: Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токио марафондарына қатысып, енді міне Лондон көшелерімен жүгіріп өткен желаяқтар да бар. Көпшілігі кәсіпкерлер. Өйткені Ұлыбритания астанасының шыңын бағындырмас бұрын қымбат саяхат шығындарын көтере алулары керек.

«Лондон марафоны өте керемет өтті. Лондон болған соң біз кішкене жаңбыр жауады ма деп қорықтық. Бірақ күн райы бүгін керемет болды. Күн сәулесі шығып, ауа температурасы жылы болды. Жүгіруге өте ыңғайлы», - дейді Орал қаласынан келген марафоншы Асхат Рамазанов.

«35-ші шақырымнан кейін қиын болды. Қарқыным баяулап, аяғым тала бастады. Негізінде, бұл қалыпты жағдай. Кейбір адамдар, тіпті, жаяу жүруге көшті. Өз-өзімді жеңіп, соңғы 1,5 шақырымда жылдамдығымды үдеттім», - дейді Оралдан келген тағы бір марафоншы Ғани Сұлтанов.
Лондон марафонына шетелдіктерге тіркелу оңай шаруа емес. Жарысқа қатысуға жыл сайын жарты миллионнан астам адам ниет білдіреді. Лотореядан ұтқандары ғана 50 мың желаяқтың қатарына қосылады. Қалғандары лицензиясы бар туроператордан орын сатып алуы керек. Қазақстандықтардың көпшілігі Лондонға отбасы мүшелерімен бірге келген.

«Отбасыммен келгендегі мақсатым ең бастысы бала-шаға өскеннен кейін әкесі сияқты жүгірсе екен деген ой. Болашақта басқа нәрселерге емес спортқа қызықса екен деген үміт», - дейді шымкенттік марафоншы Асхат Нұрлыбаев.

Жүгіру туризміне деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Бұл - жаңа қаланы көріп қана қоймай, құнды тәжірибе жинауға да мол мүмкіндік. Марафондар, тіпті, Солтүстік полюсте де ұйымдастырылады. Мемлекеттің экономикалық қуатын күшейтіп, жалпы ішкі өнімнің артуына себепші болатын шараларды Қазақстанда да өткізуге болады, дейді мамандар. Әсіресе, еліміздің таулы аймақтарына деген сұраныс жоғары.

«Шетелдіктердің қызығушылығы өте жоғары. Өйткені олар біздің табиғатқа қатты қызығады. Туристер жаңа мекендерді көргісі келеді. Олар көп жерде болған адамдар ғой, негізінде. Шетелдіктер, мысалы, тас жолда өтетін марафондардың барлығын жүгіріп қойған. Оларға Қазақстан тауларына келіп, жүгіру өте қызық болып тұр», - дейді туристік агенттік өкілі Жанат Тұрғынбаев.
Лондон марафоны биыл 42-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Тіпті, пандемия кезінде де тоқтатылған жоқ - виртуалды форматта өтті. Қайырымдылық мақсатында жүгіретін желаяқтар жыл сайын ондаған миллион стерлинг фунтын жинап, арнайы қорларға аударады.