Қазақстандықтар солтүстік өңірлерден көшуді жалғастыруда — Еңбек министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлері бүгінде халықтың азаюы мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәлім етті.

Олжас Анафин
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Министр орынбасарының мәліметінше, 2050 жылға қарай халық саны 27,5 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Алайда өсім барлық өңірде біркелкі болмайды.

— Халық санының негізгі өсімі негізінен мегаполистерде байқалады, яғни көші-қон есебінен. Өткен жылдың өзінде көші-қон арқылы мегаполистердегі халық саны 127 мың адамға артты. Ал солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде халық санының азаю үрдісі жалғасуда. Бұған табиғи өсімнің төмен болуы және көші-қон әсер етуде, — деді Олжас Анафин Сенат қабырғасында өткен іс-шарада.

Оның айтуынша, солтүстік өңірлерде туу көрсеткіші төмен, атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысында 1000 адамға 9,7 туу, Қостанай облысында — 11, ал Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш — 18,1 туу (2024 жыл).

Сонымен қатар солтүстік өңірлерде өлім көрсеткіші жоғары, Солтүстік Қазақстан облысында — 1000 адамға 11,5, Қостанай облысында — 10, ал ел бойынша орташа көрсеткіш — 6,6.

Аталған өңірлер бойынша халықтың орташа жасына келсек, Солтүстік Қазақстан облысында — 37 жас, орталық және шығыс өңірлерде — 39 жас, ал ел бойынша орташа жас — 32.

— Көші-қон тұрғысынан өткен жылы оң өзгеріс тек Алматы және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелді. Ал солтүстік өңірлерден халық көшуді жалғастыруда. 2015 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысынан 51 мың адам, Қостанай облысынан 52 мың адам көшіп кеткен. Бұл үрдіс солтүстік өңірлердегі халық құрылымының республикаға қарағанда айтарлықтай өзгеше болуына алып келді, — деп түсіндірді ол.

Зейнет жасындағы халықтың үлесі солтүстік өңірлерде 2024 жылы 17%-ды құрайды, ал Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш — 11%. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш солтүстік өңірлерде 22%-ға, ал республика бойынша 14%-ға дейін өсуі болжанып отыр.

Еңбекке жарамсыз жастағы жастардың үлесі солтүстік өңірлерде — 22%, ал Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш — 30%. Егер қазіргі үрдістер сақталса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш солтүстікте 19%-ға, ал Қазақстан бойынша 29%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

— Бұл жағдай аймақтық теңгерімсіздіктің күшеюіне алып келуі мүмкін, — деп түйіндеді вице-министр.

Еске сала кетсек, былтыр қарашада Солтүстік Қазақстаннан он айда 21 мың адам көшіп кеткен. 

Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде «Демографиялық өсу –ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбында былтыр өткен Үкімет сағатында қабылданған ұсынымдарды іске асыру қорытындыларын талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өтті.

Соңғы жаңалықтар