Қазақстандықтар тегін ЖИ-заңгер көмегіне жүгіне алады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан азаматтары бұдан былай LegalExpert.kz тегін онлайн сервисі арқылы ЖИ-заңгер көмегіне жүгіну мүмкіндігіне ие болды.

Бұл туралы «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында Legal Al сервисінің аға ML инженері Әліби Серікбай айтты.
— LegalExpert.kz сайты — адамдардың барлық құқықтық сұрақтарына жауап беретін жеке көмекшісі. Бәріміз білетіндей, заңгер қызметіне жүгіну үшін көп қаржы керек. Бір кеңес алудың өзі 100-300 мың теңге шамасында. Біздің жобаның мақсаты — адамдардың сотқа дейінгі кезеңде туындаған сауалына жауап тауып беру, яғни заңгерге жолықпас бұрын белгілі бір жауаптар алуына жол ашу, — деді ол.
Сондай-ақ спикер сайтты қалай қолдану керегін де түсіндіріп өтті.
— Әуелі сайтқа кіріп, толық тіркелу керек. Сол жерде бәріміз қолданатын ChatGPT секілді интерфейс бар. Сол жерге сұрақты қоюға болады. Ол жерде жауапты толықтыру үшін ЖИ нақтылау сұрақтарын қоюы мүмкін, — деді Әліби Серікбай.
Белгілі болғандай, жоба 1 шілдеден бері пилоттық нұсқада жұмыс істеп жатыр. Қазірге дейін онда 4 мыңнан аса қолданушы тіркелген.
Айта кетейік, бұған дейін қазақ тілін үйрететін ЖИ-агент іске қосылатынын жазған едік.