Қазақстандықтар Венесуэлада өтетін сайлауда халықаралық байқаушы болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық делегация 27 шілдеде Венесуэлада өтетін жергілікті сайлауларды бақылау жөніндегі Халықаралық миссияға қатысу үшін Каракас қаласына келді, деп хабарлайды оқиға орнынан Kazinform тілшісі.

Бұл сапар Венесуэла тарапынан ресми шақыру бойынша өтіп жатыр және негізгі ішкі әрі халықаралық іс-шараларға қатысуды қамтиды.
Қазақстандықтар байқаушы миссиясының құрамына енді. Бұл миссияға АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Шри-Ланка, Латын Америкасы елдері және басқа да мемлекеттердің өкілдері де кірді. Жалпы, 300-ден 500-ге дейін шетелдік қатысушы келеді деп күтіледі.

«Астана» Дипломатиялық клубының президенті Қайырболат Сахметов Каракаста өтетін алдағы іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті
Қазақстандық делегация құрамында Венесуэлаға барған «Астана» Дипломатиялық клубының президенті Қайырболат Сахметов Каракаста өтетін алдағы іс-шаралардың ерекше маңызын атап өтті.

— Қазақстандықтардың жергілікті сайлауларды бақылау жөніндегі Халықаралық миссия құрамына енуі — венесуэлалық серіктестер тарапынан жоғары сенімнің көрінісі. Біз өңірлік сайлауларды демократиялық институттардың дамуының маңызды бөлігі ретінде қарастырамыз, ал саммитті — бейбітшілік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасудың бірегей алаңы деп есептейміз, — деді ол.
Мэрлер мен муниципалдық кеңес мүшелерін сайлау барысын бақылаудан бөлек, халықаралық делегация мүшелері 25 шілдеде Венесуэла ұйымдастырған Бейбітшілік пен соғысқа қарсы халық саммитіне қатысады. Бұл саммит көпжақтылық қағидаттарын нығайтуға, халықаралық құқықты қорғауға және жаһандық тұрақсыздық жағдайында бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуге бағытталған.
Бұған дейін біз Жапонияда парламенттік сайлау өткенін және билеуші коалицияның көпшілікті жоғалтқанын хабарлаған едік.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты 350 мың венесуэлалықты депортациялауды қолдағанын жазған едік.