Қазақстандықтар «Вифа» тайфунына қарамастан Вьетнамға сапар шегіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір бұл елде 8 мыңға жуық отандасымыз жүр, деп хабарлайды Kazinform.

Бұл елде қолайсыз ауа райынан ғимараттарға зақым келіп, тұрғындар зардап шегіп, адам өлімі тіркелген. Солтүстіктегі әуежайлар жабылып, 100-ден астам рейс, соның ішінде ішкі рейстер де тоқтатылды.
Вьетнам премьер-министрі Фам Мин Тринх қауіпті аймақтардан халықты шұғыл эвакуациялауды, жүк тасымалдауды тоқтатуды және маңызды инфрақұрылымды қорғауды тапсырды.
Қазақстандық туристердің мәліметінше, танымал Фу-Куок, Нха-Чанг және Дананг курорттары орналасқан елдің оңтүстігінде жағдай тыныш.
– Оңтүстіктегі қалаларда демалып жатқандарға қауіп төнген жоқ. Ауа-райы өзгерсе де, жағдай бірқалыпты. Билік мұндай жағдайларға тыңғылықты дайындалған. Бірақ солтүстікте туристерге теңізге шығуға тыйым салынды, - дейді Данияр Нұрсейітов.
Қазір Вьетнамда 8 мыңға жуық қазақстандық турист бар екені хабарланды. Тайфун солтүстікте тағы 2-3 күн сақталады деп күтіліп отыр.
Осыған дейін Президент Вьетнамда болған «Вифа» тайфунынан көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын, Вьетнам Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысына көңіл айтқанын жазған болатынбыз.